Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Батыс Азияда жалғасып жатқан шиеленіс жағдайында Германия канцлері Фридрих Мерцпен телефон арқылы сөйлесті.
Еуразия Тудейдің QNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, тараптар телефон арқылы сұхбатта аймақтық және халықаралық оқиғалар, соның ішінде Газа секторы мен басып алынған Палестина аумақтарындағы жағдай жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, сұхбат барысында Доха мен Берлин арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту жолдары талқыланды.
Сұхбат барысында Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы атысты тоқтату келіссөздерінде негізгі араағайын ретіндегі Қатардың рөліне баса назар аударылды.
Палестиналық Sama агенттігі Израиль мен ХАМАС арасындағы ықтимал келісімнің егжей-тегжейін жариялады. Жоспар 60 күндік бітім аясында бес кезеңде тұтқындармен алмасуды және қаза тапқандардың денелерін беруді көздейді.
Сонымен қатар, АҚШ ХАМАС қозғалысына атысты тоқтату туралы ұсыныс хаттың мәтінін берді. Құжат Президент Дональд Трамптың кепілдігімен 60 күндік атысты тоқтату кезеңін қамтиды.
Сондай-ақ, тұтқындарды босату және қаза тапқандардың денелерін қайтару кестесін ұсынды. Кепілдік беруші тұтқындарды азат ету кезеңдері аяқталғанға дейін келісімнің барлық тармақтарының сақталуын қамтамасыз етеді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Израильдің ұсынылған шарттарды қабылдағанын растады. Трамптың айтуынша, келісімді қамтамасыз етуде Қатар мен Мысыр араағайын елдер ретінде маңызды рөл атқарады.



















