Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи соңғы уақытта Сирияда лаңкестік топтардың күшеюін АҚШ пен Израильдің Батыс Азия аймағын тұрақсыздандырудағы жоспарының бір бөлігі деп атады.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Аббас Арақчи ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен телефон арқылы сұхбатта аймақтық және халықаралық маңызды мәселелерді, әсіресе Сириядағы оқиғаларды талқылады.
Тараптар сұхбат барысында Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ, лаңкестік топтарға қарсы күресте Сирия Үкіметі мен армиясына көмек көрсетуді табанды түрде қолдайтындарын қуаттады.
Аббас Арақчи мен Сергей Лавров Астана процесі аясындағы жұмыстарды жалғастыру және Сирия бойынша осы процестің кепілгер елдері ретінде Иран, Ресей және Түркия арасындағы әрекеттерді үйлестіру қажеттігін баса айтты.
Арақчи халықаралық қауымдастықтың лаңкестікпен күрестегі жауапкершілігін еске салып, соңғы уақыттағы Сириядағы лаңкестік топтардың күшеюін АҚШ пен Израильдің Батыс Азия аймағын тұрақсыздандыру жоспарының бір бөлігі деп атады.
Иран СІМ басшысы осы қастандықтың алдын алу және Сирия мен аймаққа қарсы лаңкестердің әрекеттеріне қарсы тұру үшін Иран, Ресей және аймақ елдері, әсіресе Сириямен көршілес елдер арасындағы қырағылық пен үйлестіруді арттыру қажеттігін қуаттады.
Өз кезегінде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сириядағы жуырдағы оқиғаларға тоқталып, лаңкестікпен күресу үшін барлық тарапты үйлестіру, сондай-ақ, екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін баса айтты.



















