Иран Ғарыш ұйымының басшысы Хасан Саларие Иран күнтізбесі бойынша келесі жылдың көктемінде “Zafar-2” және “Paya” қашықтықтан зондтау жерсеріктерінің ұшырылатынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Хасан Саларие жыл соңына дейін Чабаһар ғарыш айлағы құрылысының бірінші кезеңі аяқталатынын да мәлімдеді.
Хасан Саларие дүйсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында ғарыш жобаларының барысы туралы есебін ұсынып, екі жерсерікті ұшыру ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланғанын, алайда келесі жылдың көктеміне дейін шегерілгенін айтты.
Сонымен қатар, Иран Ғарыш ұйымының басшысы Ислам революциясының жеңісін атап өту кезінде “Pars 1” жерсерігінің жаңартылған түрі және “Pars 2” жерсерігінің бірінші үлгісі таныстырылатынын баса айтты.
Саларие “Navak” байланыс жерсерігінің де Ислам революциясының жеңісін атап өту кезінде ұсынылатынын айтты. Оның айтуынша, “Navak” жерсерігі алғаш рет жоғары ұзартылған эллиптикалық орбитаға шығарылады.
Иран Ғарыш ұйымының басшысы елінің ғарыш инфрақұрылымы мен жерсеріктерді ұшыру бойынша жетекші он елдің қатарына кіретінін айтып: “Ғылым үнемі дамып отыратындықтан және көршілес елдер де ғарыш саласына қомақты инвестиция салып жатқандықтан, осы уақытқа дейін қол жеткізілген жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды. Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалсақ, сөзсіз артта қаламыз”, -деді.



















