Үшінші Каспий экономикалық форумы 2025 жылдың 17-18 ақпанында Иран астанасы Тегеран қаласында өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Сауданы дамыту ұйымының Орталық Азия, Кавказ және Ресейдегі өкілдігінің бас директоры Акбар Гудари мәлімдеді.
Иранның Сауданы дамыту ұйымының өкілі Акбар Гудари 17-18 ақпанда Иран, Ресей, Түркіменстан, Қазақстан және Әзірбайжан елдерінің премьер-министрлері және министрлерінің қатысуымен Каспий маңы елдерінің Үшінші экономикалық форумы өтетінін айтты.
Акбар Гударидің айтуынша, форумның маңызды мақсаттары экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың, денсаулық сақтаудың, энергетиканың, қаржының, туризмнің жетістіктері және қазіргі жағдайымен танысу, сондай-ақ еркін экономикалық аймақтардағы инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және Каспий теңізінің жағалауында орналасқан елдерге қатысты логистикалық мәселелерді шешу болып табылады.
Форумның екінші күні бес елдің премьер-министрлері ынтымақтастықты одан әрі дамыту стратегиялары және министрлер қол жеткізген уағдаластықтардың орындалуын мерзімді бақылау туралы қорытынды декларацияға қол қояды деп күтілуде.
Айта кетейік, Екінші Каспий экономикалық форумы 2022 жылдың 6 қазанында Мәскеуде өтті. Оған Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Қазақстан премьер-министрлері, Иранның бірінші вице-президенті және Түркіменстан премьер-министрінің орынбасары қатысты. Нәтижесінде делегация басшылары форумның бірлескен коммюникесін қабылдады.


















