Армения Иранға қарсы іс-әрекетке қатыспайды әрі Батыс елдерімен қарым-қатынасы Ислам Республикасына ешқандай қауіп төндірмейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Иранның мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Пашинян “Егер Батыс елдері Иранға қауіп төндірсе, Ереванның әрекеті қандай болады?” деген сұраққа: “Қауіптің нені білдіретінін нақтылау қажет. Алайда, біз Арменияның Иран Ислам Республикасына қарсы ешқандай әрекетке қатыспайтынын мәлімдедік. Біздің мүддеміз бір-біріміздің мемлекеттік мүддемізді өзара қабылдайтын фактор болып табылады.
Иранның тұрақтылығы мен дамуы, қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды. Оның неге екенін айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл анық”,- деп жауап берді.
Никол Пашинянның айтуынша, Армения Ираннан туристердің көбірек келуіне мүдделі.
Армения Премьер-министрі: “Мәселен, Солтүстік-Оңтүстік желісіндегі сауда-экономикалық бағытында Армения Республикасы мен Иран Ислам Республикасы ынтымақтастығының зор әлеуеті бар. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Екінші жағынан, Армения Иран Ислам Республикасы үшін Батыс пен Солтүстікке апаратын ең қысқа және ең сенімді жол деп айта аламыз. Біз бұл тақырыптарды ирандық әріптестерімізбен талқылап жатырмыз”, — деді.
Пашинян Армения Үкіметінің теңгерімді және үйлестірілген сыртқы саясат жүргізіп жатқанына тоқталып: “Армения Республикасының сыртқы саясаты еліміздің мемлекеттік мүдделеріне негізделген және негізделуі керек. Бұл біздің ортақ көзқарасымыз.
Біз Шығыспен қарым-қатынасымыздың азайғанын немесе әлсірегенін қаламаймыз. Біз бұл қарым-қатынастың, ислам әлемімен байланысымыздың тереңдей түскенін қалаймыз. Осы тұрғыдан алғанда Иран Ислам Республикасымен қарым-қатынасымыз өте маңызды. Өйткені бұл біздің теңгерімді және үйлестірілген сыртқы саясатымыздан туындап отыр”, — деді.
Пашинян Арменияның басқа елдермен қарым-қатынасында Иран Ислам Республикасына қауіп төніп тұрмағанын қуаттады. Сонымен қатар, Иран Ислам Республикасының басқа үшінші тараппен қарым-қатынасында Армения Республикасына қауіп жоқ деген үміті және сенімін білдіріп: “Дәл осы түсінік біздің қарым-қатынасымызды тереңдетуге жағдай жасайды”, — деп мәлімдеді.



















