Сербия НАТО немесе ҰҚШҰ-на мүше болмайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Сербия Премьер-министрінің орынбасары Александр Вулин Белградтың Солтүстік Атлантикалық альянсқа (НАТО) немесе Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қосылмайтынын мәлімдеді.
Вулин: “Сербия әскери бейтараптық саясатын қатаң ұстанады. Бұл біздің ешқандай әскери блокқа мүше болуды көздеп отырмағанымызды білдіреді. Біз барлық елмен, ең алдымен айналамыздағы елдермен жақсы қарым-қатынасты сақтауға тырысамыз. Сондықтан Сербия НАТО-ға да, ҰҚШҰ-на мүше болмайды.
Біз өзіміздің қауіпсіздігімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Бұл оңай емес. Бірақ, өз тағдырымызға қатысты шешімді тәуелсіз түрде қабылдауды ең әділ жол деп санаймыз”, — деді.
Қазір Сербия Парламенті ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының жанындағы бақылаушы мемлекет болып табылады.



















