ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев ЕАЭО мен Иран арасындағы Еркін сауда туралы келісімінің Жол картасы дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Мәскеуде Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының басшысы Самад Хасанзаде бастаған делегациямен кездесу барысында айтты.
Андрей Слепневтің айтуынша, Жол картасында ЕАЭО мен Иранның іскер топтары арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамыту шаралары мен тараптар арасында сауданы реттеудің егжей-тегжейін түсіндіруге бағытталған тақырыптық семинарлар бар.
Министр Еркін сауда туралы келісімнің кәсіпкерлердің бір-бірінің нарықтарына қол жеткізуі үшін бірегей жағдай жасайтынын, өзара іс-қимыл тетіктері мен платформаларын қалыптастыратынын, сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы өзекті мәселелерді шешіп, қатысушы елдерде заңнама мен оны қолдану рәсімдері бойынша өзара түсіністікті нығайтатынын қуаттады.
Сонымен қатар, Слепнев кәсіпкерлердің бір-біріне бәсекелес ретінде емес, өздерінің әлеуеті мен технологиясын нығайтып, жалпы халық саны 250 миллион адамды құрайтын нарықта бірлесіп жұмыс істей алатын серіктестер ретінде қалыптасуы маңызды екенін баса айтты.
Кездесу Мәскеудегі ЕЭК штаб-пәтерінде өтті.


















