Flydubai әуе компаниясы Иранның әуе кеңістігі ашылғаннан кейін Тегерандағы Имам Хомейни әуежайына алғашқы рейсін орындады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран астанасы әуе кеңістігін үш аптадан кейін қайта ашып, Имам Хомейни әуежайы Flydubai әуе компаниясы орындаған алғашқы халықаралық рейсін қабылдады.
Біріккен Араб Әмірліктерінің FZ1930 рейсі кеше, жұма күні Дубай халықаралық әуежайынан ұшты.
IRNA агенттігінің мәліметінше, жолаушыларға қызмет көрсету қауіпсіздік хаттамаларына сәйкес толық жүзеге асырылды.
Иран билігі Тегеранға алғашқы халықаралық рейстің келуін “аймақтағы тұрақтылықтың қалпына келуінің белгісі” деп атады.
Иранның Азаматтық авиация ұйымы өкілдерінің қатысуымен өткен бірқатар кездесулерден кейін Меһрабад және Имам Хомейни әуежайлары, сондай-ақ Иранның солтүстік, шығыс, батыс және оңтүстік өңірлеріндегі әуежайларының жұмысы жанданып, әуе кеңістігі қайта ашылды.
Иранның Азаматтық авиация ұйымының қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, жоспарланған кестеге сәйкес, ішкі және халықаралық рейстер жергілікті уақыт бойынша сағат 5:00-ден 18:00-ге дейін жүзеге асырылады. Тек Исфаһан мен Тебриз әуежайлары жабық күйінде қалып отыр.
Исфаһан мен Тебриз әуежайларының инфрақұрылымы толық дайын болғаннан кейін екі әуежай да толықтай жұмысын қайта бастайды.
Айта кетейік, Иран Израиль тарапынан жасалған әскери соққыдан кейін өз әуе кеңістігін 13 маусым күні жапты. Иранның Азаматтық авиация ұйымы бейсенбі күні әуе кеңістігіндегі рейстерге қойылған шектеулерді алып тастап, Иран әуежайлары көпшілігінің жұмысы қайта басталғанын хабарлады.


















