Иран Зангезур дәлізі жобасының ашылуына қарсы.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран діни жетекшісінің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Велаяти өткеннің сәтсіз тәжірибесін қайталауға тырысатын кез келген Үкіметтің Иранның қатаң реакциясына тап болатынын ескертті.
Велаятидің бұл мәлімдемесі Әзербайжанды Арменияның оңтүстігі арқылы Нахчыван эксклавымен байланыстыратын Зангезур дәлізі жобасы айналасындағы шиеленіске қатысты жасалды.
Велаятидің айтуынша, бұл дәліз Иранға ғана емес, сонымен қатар Ресейдің және “Қарсыласу майданы” деп аталатын басқа мемлекеттердің стратегиялық мүдделеріне де қауіп төндіреді.
Иран діни жетекшісінің кеңесшісі бұл жобаны экономикалық тұрғыдан қарастыруға келмейтін, Тегеран мен Мәскеудің айналасындағы “құрлық шеңберін құруға бағытталған геосаяси құрал” деп атады.
Иран Зангезур дәлізін жүзеге асыру Арменияның халықаралық мойындалған шекараларының өзгеруіне әкеліп, оның егемендігін әлсіретеді деп қауіптенеді.
Сонымен қатар, Түркия мен Әзербайжанның бақылауындағы бұл дәліздің ашылуы Иранды тығыз экономикалық және стратегиялық байланыс орнатқан Армениядан алыстатуы мүмкін.
Велаяти логистикалық және инфрақұрылымдық жобаның атын жамылған бұл жобада геосаяси ниеттер жасырылғанына сенімді.
Иранның Ресейдегі бұрынғы елшісі Меһди Санаи Зангезур дәлізі аймақтың энергетикалық және көлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, мұндай жобалар көршілес елдердің мүддесін айналып, жүзеге асырылмауы керек.
Ресейлік шығыстанушы, сарапшы Владимир Аватков: “Мәскеу Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылықты қолдайды. Кез келген біржақты, әсіресе сыртқы ойыншылардың қатысуымен орын алған қадамдар аймаққа теріс әсер етуі мүмкін”,- деді.
АҚШ Арменияның оңтүстігі арқылы Әзербайжанды Нахчыван эксклавымен байланыстыратын көлік дәлізін өзінің стратегиялық бақылауына алуға ниетті.
Оңтүстік Кавказдағы қайшылықтарды күшейткен бұл жоба тек Иранның ғана емес, Армениямен құрлық байланысын орнатқан Ресейдің де стратегиялық мүддесіне қайшы.
Әзербайжан бұл дәлізді Нахчыванмен байланыс орнататын маңызды көлік желісі деп санаса, егемендігіне қауіп төнетіндігіне алаңдаған Армения жол толықтай армян бақылауында қалуға тиіс деп санайды.
Иран Зангезур дәлізінің ашылуына қарсы екенін, өзінің қатысуынсыз аймақтық өзгерістерге жол бермейтінін ашық айтты.


















