Иран бүгін, 11 тамыз күні Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік өкілімен келіссөз жүргізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи мәлімдеді.
Иран Үкіметі мен Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттігінің Бас директоры Рафаэль Гроссидің орынбасары бүгін, 11 тамыз күні Тегеранда келіссөз жүргізіп, ынтымақтастық аясын талқылайды.
Аббас Арақчидің айтуынша, тараптар нақты келісімге келмейінше, Иранның ядролық нысандарын тексеру жүргізілмейді.
Айта кетейік, Иран Парламенті маусым айында өткен ашық отырысында Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты тоқтатуға бағытталған арнайы заң жобасын қарап, мақұлдады.
Президент Масуд Пезешкиан 2 шілде күні Иран Конституциясының 123-бабына сәйкес “Үкіметтің АҚХА-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы заңды” ресми түрде мақұлдап, тиісті органдарға орындауға жіберді.
Иран билігі АҚХА-нің Тегеранның ядролық міндеттемелерді орындамағаны туралы жариялаған қарары Израиль шабуылдарына негіз болғанын алға тартуда.


















