Ислам революциясы Сақшылар корпусының баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, Израильдің қылмыстық әрекеттері мен Газа секторындағы журналистердің өлтірілуін айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ислам революциясы Сақшылар корпусы мәлімдемесінде сионистік режимнің Газа секторындағы журналистер мен БАҚ қызметкерлеріне бағытталған мақсатты шабуылын айыптап, бұл әрекетті “сөз бостандығы мен гуманизм қағидаттарына тікелей шабуыл” деп атады.
Ислам революциясының Сақшылар корпусы: “Режимнің бұл қатыгез әрекеті тек адам құқықтарына ғана емес, сонымен қатар халықтың шындықты білу құқығына да қарсы бағытталған.
Журналистер қазіргі когнитивтік соғыс жағдайында өтірік пен бұрмалауға қалам мен камера арқылы қарсы тұрады. Олар шындықты жеткізу үшін үлкен жауапкершілікті өз мойнына алады.
Сионистік режим журналистер мен БАҚ қызметкерлерін өлтіру арқылы әлемдік қоғамдастыққа шындықты жеткізуге кедергі келтіріп, Газадағы қылмыстарының ащы шындығын жасыруға ұмтылады”, — деп жазды.
Айта кетейік, Израиль армиясы 10 тамыз күні Газа қаласындағы Аш-Шифа ауруханасының бас қақпасына қарсы орналасқан журналистер шатырына шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан бір топ журналист қаза тапты. Қаза тапқандар арасында әл-Жазира телеарнасының тілшілері де бар.



















