Иран Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттікпен жасалған жаңа келісім негізінде ядролық нысандарына жіберілетін инспекторларды өзі таңдай алады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Мәжілісінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының мүшесі Моджтаба Зарейи Сыртқы істер министрі Аббас Арақчидің Комиссия мүшелеріне жасаған баяндамасының қорытындысы бойынша мәлімдеді.
Зарейи Х әлеуметтік желісіндегі хабарламасында: “Аббас Арақчи бұл мәселеде құзырлы органды, яғни Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесін мойындау туралы міндеттемені Рафаэль Гроссиден алды. Иран тіпті инспекторлардың жеке басын таңдауға құқылы”, -деп жазды.
Айта кетейік, 9 қыркүйекте Каирде Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Рафаэль Гросси мен Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи ынтымақтастықты қалпына келтіру туралы келісімге қол қойды.
Иран Сыртқы істер министрі құжатқа қол қойылғаннан кейін Тегеран мен Агенттік арасындағы ынтымақтастықтың жаңа ережелері екі тараптың талаптарына толық сәйкес келетінін, алайда, егер Ислам Республикасына қарсы кез келген дұшпандық әрекет қайта басталса, Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттікпен барлық байланыс тоқтатылатынын баса айтты.


















