Иран Еуропа елдерінің Тегеранға қарсы Біріккен Ұлттар Ұйымының санкцияларын қайтару әрекетіне жауап ретінде Агенттікпен ынтымақтастығын тоқтатады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі мәлімдеді.
Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің мәлімдеуінше, Масуд Пезешкианның басшылығымен өткен кеңесте өңірдегі жағдай мен Израильдің аймақтағы әрекеттері талқыланды.
Сондай-ақ, шарада 2015 жылғы ядролық келісімге қатысушы Ұлыбритания, Франция мен Германияның Тегеранға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының санкцияларын қайтару әрекеті де талқыланып, Иранның саясаты өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барынша ынтымақтасу екені баса айтылды.
Сонымен қатар, Америка Құрама Штаттары мен Израильдің шабуылдарынан кейін тоқтатылған тексеру жұмыстарын жаңғыртуды көздейтін 9 қыркүйектегі Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттікпен жасалған келісімге сілтеме жасалып, Иранның мәселені шешу үшін ынтымақтастықта жұмыс істеуіне қарамастан Еуропа елдерінің әрекеті Агенттікпен ынтымақтастықты тоқату туралы шешім қабылдауға мәжбүрлейтіні айтылды.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 19 қыркүйек күні Иранға қарсы санкцияларды қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.
Қауіпсіздік кеңесінде Ұлыбритания, Франция және Германия ұсынған қарарды Америка Құрама Штаттары және тағы 6 ел қолдады.
Қытай, Пәкістан және Ресей санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартуға дауыс берді. Иран мен еуропалық үш елдің басшылары келісімге келмесе, 27 қыркүйектен кейін Тегеранға қарсы санкциялар қайтадан күшіне енеді.


















