“Росатом” мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Иранға ресми сапармен барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ресейдің “Росатом” мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Мәскеу мен Тегеранның ядролық саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылау мақсатында жақын арада Иранға барады.
Иранның Атом энергиясы ұйымының мәліметінше, бұған дейін бұл мәселе туралы мемлекеттік корпорация бас директорының орынбасары Николай Спасский бастаған “Росатом” делегациясының Тегеранға сапары барысында талқыланды. “Росатом” делегациясы Иранда Атом энергиясы ұйымының басшысы Мохаммад Исламимен кездесіп, ағымдағы ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жеделдету қажеттігі туралы сөйлесті. Кездесуде Алексей Лихачевтің Иранға ресми сапары келісілді.
Лихачевтің Иранға алдағы сапарында Мәскеу мен Тегеран арасындағы келісімдер мен қазіргі уақытта Бушер атом электр станциясындағы екі энергоблоктың құрылысы талқыланады деп күтілуде.
Айта кетейік, қыркүйек айының соңында Иранның Hormoz компаниясы мен Ресейдің “Росатом” компаниясы арасында Һормозгонның Сирик аймағында құны 25 миллиард болатын атом станциясының үшінші буынды заманауи төрт блогын салу туралы келісімге қол қойылды.
Әрбір блок шамамен 1255 МВт, ал төрт блоктың барлығы 5020 МВт электр қуатқа ие болады.
Сонымен қатар, қыркүйек айында Мәскеу мен Тегеран Иранда шағын атом электр станцияларын салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.


















