Өзбекстан 2026 жылы Ауғанстанға электр энергиясын жеткізуді жалғастырады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл жөнінде Ташкент қаласында талқыланып, тиісті келісімге қол қойылды. Өзбекстан Энергетика министрі Джурабек Мирзамахмудов және Ауғанстанның Da Afghanistan Breshna Sherkat (DABS) компаниясының бас директоры Абдул Бори Омар бастаған делегация Ташкент қаласында кездесіп, келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Ауғанстан аумағындағы жоғары вольтты электр желілері мен қосалқы станциялар құрылысының қазіргі жағдайы, сондай-ақ осы жұмыстарды одан әрі жеделдету мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, тараптар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Ауғанстан халқының әл-ауқатын қолдауға және ел экономикасын дамытуға бағытталған бастамаларының екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызмет ететінін қуаттады.
Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылға арналған электр энергиясын жеткізу жөніндегі тиісті келісімшартқа қол қойылды. Құжат екі елдің энергетика саласындағы өзара серіктестігін одан әрі нығайтады деп күтілуде. Айта кетейік, тамыз айында Өзбекстан мен Ауғанстан компаниялары төрт ірі жобаны жүзеге асыру туралы келісімге келген болатын.




















