Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің инспекторлары Иранға қайта оралып, маусым айындағы шабуылдардан зардап шекпеген нысандарда тексеру жүргізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси мәлім етті.
Гросси X парақшасында: “Агенттік инспекторлары Иранға оралып, маусым айындағы шабуылдардан зардап шекпеген нысандарда тексеру жүргізді. Алайда толыққанды тексеруді қайта бастау үшін неғұрлым белсенді қатысу қажет. Біз Тегеранмен тұрақты байланыстамыз және инспекциялық қызметтің толық қалыпты жұмысын қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз”, -деді.
Мұның алдында Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры: “Басқарушылар кеңесінің отырысында біз ядролық қауіпсіздік пен кепілдіктерді бүкіл әлемде қамтамасыз ету жөніндегі қазіргі жұмысты, сондай-ақ ядролық ғылым мен технологиялардың артықшылықтарын нығайту ісін баяндадым”,- деп жазған болатын.
Агенттік басшысы Басқарушылар кеңесі отырысында сөйлеген кіріспе сөзінде: “Біз ешкімнен резолюция әзірлеуді сұрамаймыз”, -деді.
Гроссидің айтуы бойынша, Иран мен Агенттік Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Кепілдіктер туралы келісімге сәйкес орындалуы тиіс жұмысына назар аударуы керек.
Иран Гроссиді Америка Құрама Штаттары мен Израиль режимінің маусым айындағы басқыншылығы туралы АХҚА Басқарушылар кеңесіне жалған есеп берді деп айыптап отыр.


















