Бүгін Бішкекте ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне үш жыл мерзімге Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыковты тағайындау туралы шешім бекітілді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бүгін Бішкек қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті.
Жиын барысында ұйымның Бас хатшысы қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовқа алғыс айтылып, жаңа Бас хатшыны тағайындау туралы шешім бекітілді.
Таалатбек Масадыков бұл қызметке 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі.
Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастырып, 2025 жылғы ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттарын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басымдықтарды айқындады.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданып, ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі кешенді жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.




















