Израиль Газа секторындағы атысты тоқтату келісімін бұзып, авиация мен артиллерия қолданып, секторға тағы соққы жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Израиль режимі Газа секторындағы атысты тоқтату келісім бұзуды жалғастыруда.
Куәгерлердің айтуынша, Газа қаласының шығыс бөлігіндегі әртүрлі аудандар жаппай әуе соққылары мен артиллериялық атқылауға ұшырады.
Сондай-ақ, Израиль армиясы Газа секторының орталық бөлігіндегі Бурейдж босқындар қосының солтүстік-шығыс бөлігін нысанаға алып, түрлі ауданға бей-берекет оқ жаудырған.
Газа Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, Израиль армиясы атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін оны жүзге жуық рет бұзды. Шабуыл салдарынан кемінде 391 палестиналық қаза тауып, мыңнан астамы жараланды.
2023 жылдың 8 қазан күні басталып, екі жыл бойы жалғасып келе жатқан Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан 70 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Қаза болғандардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Сонымен қатар 171 мыңнан астам адам жарақат алды.
АҚШ Президенті Дональд Трамп 9 қазан күні Мысырда өткен келіссөздер барысында ХАМАС қозғалысы мен Израильдің Газа секторында атысты тоқтату жоспарының алғашқы кезеңін мақұлдағанын мәлімдеді. Келісімге Шарм-эш-Шейх қаласында қол қойылып, Израиль үкіметінің мақұлдауынан кейін 10 қазан күні күшіне енді. Алайда Израиль армиясы түрлі айыпты алға тартып, палестиналықтарға соққы беруді жалғастырып келеді.



















