Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ливия Бас штабының басшысы Мұхаммед Әли Ахмед әл-Хаддадтың қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ливия Премьер-министрі Абдулхамид Дибейбемен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Түркия Президенті Әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран NSosyal әлеуметтік платформасында жазды.
Бурханеттин Дуран: “Режеп Тайып Ердоған Ливия Премьер-министрі Абдулхамид Дибейбемен сұхбат барысында Ливия Бас штабының басшысы Мұхаммед Әли Ахмед әл-Хаддад және онымен бірге болған делегация мүшелерінің ұшақ апатынан қаза табуына байланысты көңіл айтты”, – деп жазды.
Айта кетейік, 23 желтоқсан күні Ливия Бас штабының басшысы Мұхаммед Әли әл-Хаддад пен тағы төрт ливиялық Анкара маңындағы ұшақ апатынан қаза тапты. Анкарадағы Эсенбоға әуежайынан Ливия астанасы Триполиге бағыт алған Falcon 50 ұшағының сынықтары Хаймана ауданына қарасты Кесиккавак ауылынан оңтүстікке қарай шамамен екі шақырым жерден табылды.




















