Қырғызстанның Шу облысындағы Кемин ауданында алғашқы күн электр станциясы пайдалануға берілді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, сәрсенбі, 24 желтоқсан күні Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Шу облысының Кемин қаласында қуаттылығы 100 мегаватт болатын алғашқы күн электр станциясын іске қосты.
Президент Жапаров іс-шара барысында сөйлеген сөзінде аталған нысанды пайдалануға беру елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайту мен жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы маңызды кезеңнің бастауы екенін атап айтты.
Президенттің айтуы бойынша, бұған дейін Қырғызстан электр энергиясын негізінен гидроресурстар есебінен өндіріп келді.
Алайда бүгінде күн және жел энергетикасын дамыту мемлекеттің стратегиялық мақсаттарының біріне айналды. Кеминдегі станцияның іске қосылуы осы бағыттың алғашқы айқын үлгісі болып табылады.
Садыр Жапаров соңғы жылдары елде жаңартылатын энергетика саласында ірі инвестициялық жобалар портфелі қалыптасқанын баса айтты.
Министрлер кабинеті мен жеке инвесторлар арасында жалпы қуаты 5 ГВт-тан асатын күн және жел электр станцияларын салу бойынша 12 инвестициялық келісімге қол қойылған.
Президент: “Кеминдегі күн электр станциясының жобасын “Этернал Энергия” компаниясы жүзеге асырды. Инвестиция көлемі 56 млн АҚШ долларын құрады. Бұл жоба күн энергетикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша ең ірі жобалардың бірі саналады. Станция жылына шамамен 210 млн кВт·сағ таза электр энергиясын өндіреді”, -деді.
Жапаров жобаны іске асыру салық түсімдерін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және энергетикалық инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсірмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап айтты.
Садыр Жапаров сөзінің соңында күн электр станциясының ашылуы Қырғызстанның энергетикалық стратегиясындағы жаңа бетбұрыс екенін айтып: “Тұрақты, таза және қауіпсіз энергия көздеріне көшу -заманауи әрі дамыған мемлекетке қарай жасалған нық қадам. Мұндай жобалар елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, өңірлер үшін жаңа мүмкіндік жасап, экономикалық өсімге тікелей үлес қосады”, -деді.



















