Иран достас елдермен жерсерік топтамаларын құруды жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Саттар Хашеми үш ғарыш аппаратының сәтті ұшырылуынан кейін мәлімдеді.
Саттар Хашеми елінің ғарыш бағдарламасы жаңа көпсеріктік топтамалар құру кезеңіне өткенін баса айтты.
Министр қазіргі миссияның алдыңғылардан басты айырмашылығына тоқталып: “Иран алғаш рет бір мезетте 500 шақырым биіктіктегі орбитаға үш жерсерігін ұшырды”,-деді.
Хашемидің айтуы бойынша, бұл — елінің бүкіл ғарыш саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын үлкен серпілісі.
Жаңа жерсеріктерә Жерді қашықтан зондтауға арналған. Орбитадан алынатын деректер ауыл шаруашылығында, су ресурстарын басқаруда, жердің шөгуін бақылауда және кадастр жүргізуде қолданылатын болады.
Министр Иранның жерсерік топтамалар секторын жеке-дара емес, серіктестік негізде дамытуды көздейтінін айтып: “Тегеран бұл салада одақтас әрі достас елдермен тығыз ынтымақтастықты жалғастырады”, -деді.
Саттар Хашемидің айтуы бойынша, қазіргі таңда жоғары байланыс қуаты бар Nahid-3 және Kousar жерсеріктері әзірленуде. Олардың мақсаты алдағы жылдары жоғары сапалы қызметтерді ұсыну болып табылады.
Сондай-ақ, Чабаһар қаласында салынып жатқан жаңа ұлттық ғарыш айлағының алғашқы кезеңі 2026 жылдың наурызына дейін аяқталады деп күтілуде.


















