ХАМАС Газа секторындағы басшысы Мохаммед Синвар мен әскери қанаттың баспасөз хатшысы Әбу Убайданың қаза тапқанын растады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, ХАМАС қозғалысының өкілдері Газа секторындағы ұйым басшысы Мохаммед Синвар мен әскери қанаттың баспасөз хатшысы Әбу Убайданың қаза тапқанын растады.
ХАМАС-тың мәліметінше, мұның алдында қаза тапқан ХАМАС қозғалысының басшысы Яхья Синвардың туған інісі Мохаммед Синвар мен Әбу Убайда 2025 жылдың басында Газа секторында қаза тапқан.
Израиль режимі Мохаммед Синвардың қаза тапқаны туралы мамыр айында, ал Әбу Убайданың қазасы туралы тамыз айының соңында мәлімдеген болатын.
Мохаммед Синвардың денесі Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында орналасқан туннельдердің бірінен табылған. Сол кезде онымен бірге оның он көмекшісінің мәйіті де табылды.
Сонымен қатар Рафах бригадасының командирі Мохаммед Шабананың да қаза тапқаны хабарланды. Алайда сол уақытта ХАМАС бұл ақпараттарға түсініктеме бермеді.
Айта кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп 9 қазан күні Израиль мен ХАМАС Газадағы атысты тоқтату бітімінің алғашқы кезеңін мақұлдағанын жариялады.
Мысырда қол қойылған бұл келісім Израиль үкіметінің мақұлдауымен 10 қазан күні күшіне енді. Алайда, келісімге қол жеткізілгеніне қарамастан, Израиль Газада әртүрлі айыпты алға тартып, палестиналықтарға оқтын-оқтын соққы беруді жалғастырып келеді.
Газа секторындағы екі жылға созылған Израильдің геноцид қылмыстары салдарынан 71 мыңға жуық палестиналық қаза тауып, 171 мыңнан астамы жараланды.



















