АҚШ-та Мадуроны қолдаған жаппай шерулер өтті.
«Еуразия Тудейдің» хабарлауынша, Венесуэлаға жасалған әскери шабуыл мен осы елдің Президенті Николас Мадуроның ұсталуына байланысты Америка Құрама Штаттарының түкпір-түкпірінде мыңдаған адам наразылық шеруіне шықты. АҚШ-тың 75-тен астам қаласында өткен акциялар Дональд Трамп әкімшілігінің жүргізіп отырған саясатына қарсылық мақсатында ұйымдастырылды.
Наразылар ел астанасы Вашингтоннан бастап, Мадуро сот алдына жауап беруге жеткізілген Нью-Йорк қаласына дейін жиналды. Олар Ақ үйдің Венесуэлаға қарсы әскери іс-қимылдарын қатаң сынға алып, бұл әрекеттерді «соғыс авантюрасы» деп атады. Шерушілердің айтуынша, америкалық салық төлеушілердің қаражаты өзге елдердің ішкі ісіне араласуға және әскери шығындарға жұмсалмауы тиіс.
Нью-Йорктегі атақты Таймс-сквер алаңына жиналған жұртшылық Трамп әкімшілігінен Николас Мадуроны дереу босатуды және Венесуэланың егемендігіне нұқсан келтіруді тоқтатуды талап етті.
Наразылыққа қатысушылар қолдарына «Венесуэланы жайына қалдырыңдар!» деген ұрандар жазылған плакаттар ұстап шығып, Вашингтонның Латын Америкасындағы интервенциялық саясатына қарсылық білдірді.


















