Татарстан делегациясы Тегеран қаласындағы IV «Еуразия ЭКСПО» халықаралық көрмесіне қатысады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Татарстанның Өнеркәсіп және сауда министрлігі республика делегациясының Иран астанасы Тегеран қаласында 1-4 ақпан аралығында өтетін IV «Еуразия ЭКСПО» халықаралық көрмесіне қатысатынын мәлім етті.
Татарстанның Өнеркәсіп және сауда министрлігінің мәліметінше, аталған шара Ресей, Иран және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету саласындағы жетекші өкілдерінің басын қосатын ауқымды алаңға айналмақ. Көрме экономиканың отын-энергетика кешені, автомобиль өнеркәсібі, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы секторы, медицина, қаржы, инновациялар, көлік, логистика, туризм және ақпараттық технологиялар сияқты салаларын қамтиды.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда саясаты департаментінің директоры Владимир Серпиков 2025 жылдың желтоқсан айында Иран Ислам Республикасының Ресейдегі Елшілігінде өткен IV «Еуразия ЭКСПО» халықаралық көрмесінің және Иран мен Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық ынтымақтастығының бірінші форумының таныстырылымына қатысты.
Еуразиялық экономикалық комиссия IV «Еуразия ЭКСПО» халықаралық көрмесінің іскерлік бағдарламасына қатысуға дайын екенін растады.


















