Иран Америка Құрама Штаттары, Израиль режимі және бірқатар лаңкестік топтың үстінен халықаралық сотқа шағым түсірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеран ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерді қаржыландырып, қолдау көрсеткені үшін Америка Құрама Штаттары, сионистік режим және бірқатар лаңкестік топқа қарсы арыз бергенін мәлімдеді.
Иран билігінің мәлімдеуінше, айыпталушы тараптар елдегі тұрақтылықты бұзуға және бүлдіруші әрекеттер ұйымдастыруға тікелей қатысты.
Ирандағы бейберекеттік 8 қаңтарда базарлар мен сауда орындарындағы бейбіт шерулерден кейін ушықты. Бастапқыда саудагерлер ұлттық валюта риалдың құнсыздануын тоқтатуды талап етіп, наразылық шерулеріне шыққан болатын. Алайда, сыртқы күштердің арандатуымен бұл наразылықтар жаппай зорлық-зомбылыққа ұласты.
АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Израиль режимі ашық қолдау көрсеткен бұл қақтығыстар мемлекеттік және жеке меншік мүлікке орасан зиян келтірді.
Иран Сот билігінің басшысы Ғоламхоссейн Мохсени Эжеи АҚШ пен Израильді жуырдағы жағдайға басты кінәлілер деп атап, олардың бейберекеттіктерді жанама емес, тікелей әрі ашық қолдағанын айтты.
Сондай-ақ, ол бұл оқиғаларды сионистік режиммен болған 12 күндік соғыстың кезекті кезеңі деп санауға болатынын мәлімдеді.
Мохсени Эжеи көшелерде және қоғамдық орындардағы тәртіпсіздіктерге қатысқан және бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасап, ауыр қылмыстарға барған адамдардың АҚШ пен Израильдің астыртын жоспарларын жүзеге асыруды мақсат еткен қылмыскерлер екенін айтты.
Ол қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен бейбіт тұрғындарды өлтіруге қатысы бар адамдарға ешқандай кешірім болмайтынын баса айтты.
Сот билігінің басшысы тәртіпсіздіктерге қатысқан адамдар жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік және жеке меншікке келтірілген шығынды өтеуі тиіс екенін мәлімдеді.

















