Иран ғылыми зерттеулерді жеделдетуге көмектесетін жасанды интеллект ассистентін таныстырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл платформа зерттеу үдерістерін жеделдетуге және ғалымдар жиі кездесетін мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеулерді жеделдетуге көмектесетін жасанды интеллект ассистенті үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеу, аудио, визуалды және мәтіндік ақпаратты жылдам өңдеу үдерісін жеңілдетеді. Платформа ғылыми мәселелер бойынша дәлелді және негізделген жауаптар алуға мүмкіндік беретін диалогтық көмекші ретінде жұмыс істейді. Сервис ғылыми мақалалар жазуға қолдау көрсетіп, жобаларды әзірлеу уақытын қысқартуға көмектеседі.
Сонымен қатар, аудионы мәтінге және мәтінді аудиоға айналдыру мүмкіндігі ғалымдарға уақыт пен күшті едәуір үнемдеуге, білім беру және зерттеу мақсаттарына арналған материалдарды жылдам әзірлеуге жағдай жасайды.
Кескіндерді өңдеу алгоритмдерінің көмегімен жасанды интеллект ассистенті медициналық суреттерді талдап, адам көзіне байқалмайтын белгілерді анықтауға жәрдемдесіп, диагностикалық үдерістерді жеделдете алады.
Платформа үлкен көлемдегі ғылыми мәтіндерді тиімді өңдеуге, яғни негізгі ақпаратты анықтауға және жіктеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, ол күрделі есептеулерді орындап, үлкен деректерді талдауға және машиналық есептеу тапсырмаларын шешуге қауқарлы. Қазіргі уақытта жасанды интеллект ассистенті сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Барлық техникалық және ұйымдастырушылық шаралар аяқталғаннан кейін оның толық нұсқасы іске қосылады.


















