Иран Қарулы күштерінің өкілдері Таяу Шығыс аймағындағы АҚШ пен Израильдің экономикалық нысандарына, соның ішінде банктік мекемелеріне шабуыл жасауға дайын екенін жариялады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай шешім Иран банктерінің біріне жасалған шабуылдан кейін қарастырылып отыр.
Telegram-да жарияланған мәлімдемеде Иран әскерилері аймақ елдерінің тұрғындарын АҚШ пен Израиль банктеріне жоламауға шақырды.
Хабарламада: «Дұшпан заңсыз әрі бұрын соңды болмаған әрекеттері арқылы бізді аймақтағы Америка Құрама Штаттары мен сионистік режимге тиесілі экономикалық орталықтар мен банктерге шабуыл жасауымызға мәжбүр етуде. Америкалықтар біздің ауыр соққымызды күтсін», — деп жазылған.
Сонымен қатар, Иран Израильмен байланысы бар және әскери мақсатта қолданылған технологиясы бар АҚШ компанияларының кеңселері мен инфрақұрылым объектілерінің тізімін жариялап, оларды «Иранның жаңа нысандары» деп атады.
Тізімде Google, Microsoft, Palantir, IBM, Nvidia және Oracle компанияларына қатысты нысандар бар. Олар Израильдің бірнеше қаласы мен Парсы шығанағы елдерінде орналасқан.
Бұған дейін ирандық БАҚ Тегерандағы банктердің біріне АҚШ пен Израиль тарапынан шабуыл жасалғаны, соның салдарынан бірқатар қызметкердің қаза тапқаны туралы хабарлады.



















