АҚШ-тың соғысқұмар Президенті Дональд Трамп Иранға қарсы басқыншылығында Еуропадан әскери көмек сұрады.
АҚШ-тың стратегиялық маңызы бар Ормұз бұғазын қайта ашу үшін халықаралық қолдау жинау әрекеті суық қабылдауға тап болды.
Америкалық NBC News телеарнасының хабарлауынша, Дональд Трамптың көмек сұрауына кейбір елдердің көрсеткен енжар реакциясы оның бұл маңызды су жолын ашудың тез арада шешімін табуға деген үмітін сейілтті.
Осы мәліметте кейбір елдердің жеке дипломатиялық жолдарды қарастырып, өз кемелерінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін Иранмен тікелей келіссөз жүргізіп жатқаны айтылған. Бұл әрекеттер Парсы шығанағындағы тасымал қауіпсіздігі мен энергиямен қамтамасыз ету төңірегіндегі шиеленіс жалғасып жатқан тұста орын алуда.
Трамп кеше жексенбі күні екпінін күшейтіп, Британияның Financial Times іскерлік басылымына берген сұхбатында, егер АҚШ одақтастары бұғазды ашуға көмектеспесе, Солтүстік Атлантикалық Альянстың (НАТО) болашағы өте қараңғы болуы мүмкін екенін ескертті. Оның бұл жолдауы, әсіресе, еуропалық елдерге бағытталып, оларды АҚШ-тың Иранға қарсы әскери күш-жігеріне қосылуға шақырды.
АҚШ президенті сонымен қатар Си Цзиньпинге де қысымды күшейтті. Ол осы айдың соңына жоспарланған Қытай төрағасымен кездесуін кейінге қалдыруы мүмкін екеніне меңзеді. Оның бұл әрекеті Бейжіңді осы теңіз дәлізінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуға мәжбүрлеуді көздейді.
Трамп сұхбатында: «Осы бұғаздан пайда көретін елдердің оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысуы әбден қисынды», — деді. Ол Еуропа мен Қытайды Парсы шығанағынан келетін мұнайға АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда тәуелді едеп атады.
Сондай-ақ ол, егер АҚШ одақтастарының жауабы теріс болса немесе мүлдем жауап берілмесе, бұл жағдай НАТО-ның болашағы үшін ауыр салдарға әкелетінін ескертіп: «Егер жауап болмаса немесе теріс жауап берілсе, меніңше, бұл Солтүстік Атлантикалық Альянстың болашағы үшін өте жаман болады», — деді.
АҚШ президенті сөзінің жалғасында бұл әскери одаққа қатысты бұрыннан келе жатқан сынын тағы қайталады. Оның айтуынша, Америка Құрама Штаттары Америкадан мыңдаған миль қашықтықта орналасқан Украинадағы соғыста одақтастарына көмектескен. Ол енді одақтастардың АҚШ-қа қолдау көрсетуге дайын, не дайын еместігін байқайтынын айтты.
Вашингтон қандай көмек күтеді деген сұраққа Трамп: «Не қажет болса, соның бәрін», — деп жауап берді. Ол нақтылап айтқанда, мина іздеуші кемелерді жіберуді атап, еуропалық елдерде мұндай техниканың АҚШ-қа қарағанда әлдеқайда көп екенін айтты. Сондай-ақ, Иран жағалауының бойындағы дұшпандық элементтерді жоя алатын күштер туралы сөз қозғады.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Трамптың бұл мәлімдемелері Вашингтонның тек теңіздегі қолдаумен шектелмейтінін, сонымен қатар Иранға қарсы әскери операцияларға еуропалық арнайы жасақтарды тартуды көздеп отырғанын көрсетеді. Мұндай сценарий Ормұз бұғазы төңірегіндегі дағдарысты АҚШ пен оның одақтастары арасындағы қарым-қатынас үшін жаңа сынаққа айналдыруы мүмкін.













