Испания Иранға қарсы шабуылдауға тартылған америкалық ұшақтар үшін өз әуе кеңістігін жапты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Испания Қорғаныс министрі Маргарита Роблес мәлімдеп, бұған дейін El Pais басылымының дереккөздерге сілтеме жасап жариялаған ақпаратын растады.
Маргарита Роблес кеше, дүйсенбі, 30 наурыз күні Мадридте журналистерге берген сұхбатында: «Біз Ирандағы соғысқа байланысты іс-қимылдар үшін әскери базаларымызды да, әуе кеңістігімізді де пайдалануға рұқсат бермейміз», -деді.
Испания Экономика министрі Карлос Куэрпоның айтуынша, бұл шара Испания үкіметінің бұған дейін қабылдаған халықаралық құқықты бұза отырып, біржақты тәртіпте басталған соғысқа қатыспау және қақтығыстың ушығуын болдырмауға бағытталған шешімінен туындап отыр.
El Pais басылымының сұхбаттасушыларының сөзіне қарағанда, Мадрид АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясына қатысатын жойғыш ұшақтар мен жанармай құюшы ұшақтарға Испанияның оңтүстігіндегі Рота және Морон-де-ла-Фронтера базаларын пайдалануға тыйым салып қана қоймай, сонымен қатар Ұлыбритания мен Франция сияқты үшінші елдерде орналасқан америкалық әуе кемелері үшін де жолды жауып тастады.
Ұшақтың ұшып өтуіне немесе қонуына тек төтенше жағдайларда ғана рұқсат берілуі мүмкін.
Басылымның мәліметінше, Испания мен АҚШ арасындағы екіжақты келісімде қарастырылған басқа міндеттер орындала береді. Атап айтқанда, Мадрид Еуропада орналасқан 80 мыңға жуық америкалық әскери қызметшіні материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге қатысады.
Бұдан бөлек, Севильяда орналасқан әуе қозғалысын басқару орталығы АҚШ-тың Миссури штатынан ұшып шығып, Иранға шабуыл жасап, кейін базаға қайтатын бомбалаушы ұшақтарына аэронавигациялық қолдау көрсетеді.
El Pais жазуынша, мұндай ұшулар кезінде бұл бомбалаушы ұшақтар Испанияның әуе кеңістігіне кірмейді.
Испания Премьер-министрі Педро Санчес АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарына қарсы шыққан ең белсенді саясаткерлердің бірі болды. Ол бұл соққыларды «ойланбай жасалған» әрі «заңсыз» деп бағалады.
Санчестің айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс Испанияға ай сайын шамамен 100 миллиард еуро шығын келтіруде. Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп болса да Испаниямен сауда қатынасын толығымен үзуге қоқан-лоққы көрсетті.

















