БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) Ормұз бұғазындағы ұзаққа созылған тұрақсыздық әлемдік азық-түлік дағдарысына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы Ормұз бұғазындағы жағдайға байланысты әлемдегі ауыл шаруашылығы және азық-түлік дағдарысының қаупі туралы ескертті.
Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының бас экономисі Максимо Тореро мәлімдеп, Ормұз бұғазы арқылы маңызды ауыл шаруашылық ресурстарын тасымалдайтын кемелердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге шақырды.
ФАО мәліметі бойынша, Ормұз бұғазы арқылы ауыл шаруашылығы ресурстары экспортының 20 пайыздан 45 пайызға дейінгі бөлігі өтеді. Сонымен қатар, Парсы шығанағы өңірі тыңайтқыш жеткізуде, әсіресе тыңайтқыштарға тәуелді болып отырған Африка елдері үшін маңызды рөл атқарады.
Максимо Тореро азық-түлік бағасының күрт өсуі мен тапшылық қаупі туралы ескертіп, бұл әсіресе тыңайтқыштар мен энергия тасымалдаушылар импортына тәуелді ең кедей елдерге қатты әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Оның айтуы бойынша, Ормұз бұғазы төңірегіндегі жағдай ушыға түссе, салдары COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі дағдарыспен тең болуы мүмкін.
Тореро: «Ең кедей елдер тыңайтқыштар мен энергия ресурстарының тапшылығы және олардың қымбаттауы тұрғысынан үлкен қауіпке ұшырап отыр. Шикізат тауарлары бағасының өсуі мен келесі жылғы азық-түлік инфляциясы елдерді ішкі азық-түлік бағаларын төмендету шараларын қабылдауға мәжбүр етеді. Бұл пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне және соның салдарынан бүкіл әлем бойынша экономикалық өсімнің баяулауына әкелуі мүмкін.
Қазіргі тәуекелдер Украина қақтығысы басталған 2022 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Егер қазіргі ахуал Эль-Ниньо құбылысымен ушыға түссе, дағдарыстың ауқымы пандемия кезеңімен бірдей болады немесе одан да асып түседі», -деді.




















