Түркістан облысында Орталық Азия бойынша жүгеріні терең өңдейтін «Қазкрахмал» зауытының құрылысы жоспарлы түрде жалғасуда.
Еуразия Тудейдің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, құны 35 млрд теңгені құрайтын «Қазкрахмал» зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Бұл кәсіпорын Қазақстандағы алғашқы, Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдейтін, жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын ең ірі кешен болмақ.
Зауыт толық қуатына көшкенде жылына 150 мың тонна жүгері өңдеп, өнімнің 26 түрін шығарады. Олардың қатарында тағамдық глюкоза мен мальтоза шәрбаты, жүгері майы мен крахмал, мал азығына арналған құрама жем бар. Өндіріс толықтай қалдықсыз цикл бойынша жұмыс істеп, тек ГТА-сыз табиғи шикізатты пайдаланады.
Тұрақты жұмыс істеу үшін облыстың Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жүгері алқаптары кеңейтілуде. Бұл жергілікті фермерлер үшін де тиімді өткізу нарығына айналмақ.
Кәсіпорын жұмысы 80 пайыз автоматтандырылған. Бұл өнім сапасын қатаң бақылауға, шығындарды азайтуға және отандық тауардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Жобаға халықаралық озық технологиялар мен шетелдік мамандардың тәжірибесі енгізілген.
Зауыт өнімдері Қазақстанның тағам және фармацевтика салаларының қажеттілігін өтеп қана қоймай, Азия мен Еуропа елдеріне де экспортталады. Алдағы уақытта зауыт қуаттылығын жылына 300 мың тоннаға дейін жеткізіп, әлемнің 100-ден астам жетекші компаниясымен әріптестік орнату жоспарлануда.

















