Бену Ламзан каньоны Иранның оңтүстігіндегі тау жоталарының арасында, Һормозган провинциясында жасырулы жатқан баға жетпес жауһар болып табылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, өзінің зәулім жартасты қабырғаларымен және мөлдір кәусар суымен бұл таңғажайып табиғат құбылысы әрбір саяхатшының назарын еріксіз баурап алады.
Бену Ламзан Бандар-Ленге қалашығындағы Ламзан қаласына жақын маңда, яғни Ламзан қаласынан шамамен бес шақырым, ал Бастактан шығысқа қарай 90 шақырым қашықтықта, Һормозганның оңтүстік тауларының дәл ортасында орналасқан.
Бұл сулы нысан арнасында түзілген табиғи әрі мөлдір су айдындарымен ертегідегідей көрініс қалыптастырады.
Бұл өлкеде асқар таулардың асқақ тыныштығы судың сыңғыры мен қоңыр салқын самалға астасып, жартастардағы әрбір сызат табиғат атты ұлы суретшінің қолтаңбасын паш етіп тұрғандай көрінеді.
Бену Ламзан бойында тереңдігі әртүрлі он екі су айдынының болуы бұл жерді су спорт түрлері мен шытырман оқиға әуесқойлары үшін таптырмас мекенге айналдырады.
Бену Ламзанның негізгі жолдар мен қала қарбаласынан қашық жерде орналасуы оған алғашқы табиғи қалпын сақтауға мүмкіндік берген.
Бұл ерекшеліктер каньонды фотографтар мен табиғат сүйер қауым үшін таптырмас нысан әрі нағыз жұмақ мекені етеді.


















