Еуразиялық экономикалық комиссия ТМД және ШЫҰ аясында энергетика саласындағы мәселелерді талқылайтын диалог алаңын құру туралы бастама көтерді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы энергетика мәселелері жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңын құруы мүмкін. Мұндай ұсынысты Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі, ЕЭК-нің Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев 19 маусымда Бішкекте өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің VI кездесуінде жасады. Кожошевтің айтуы бойынша, ЕАЭО, ТМД және ШЫҰ аясында тұрақты энергетикалық диалог форматын қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені аталған үш ұйымның күн тәртібіндегі мәселелері өзара үндес. Бұл ретте энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, энергия жүйелерінің тұрақтылығы, трансшекаралық инфрақұрылымды дамыту, нарықтарды интеграциялау, саланы цифрлық форматқа көшіру және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылуда.
Оның пікірінше, мұндай диалог ортақ тәсілдерді үйлестіріп қана қоймай, сонымен бірге жұмыстың қайталануына жол бермеуге, бірлескен шешімдерді әзірлеуді жеделдетуге және аймақта неғұрлым тұрақты құрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Арзыбек Кожошев таяу болашақта энергетика тақырыбына арналған бірлескен іс-шара өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мұндай қадам көпжақты тұрақты формат қалыптастыру жолындағы алғашқы практикалық кезеңге айналуы мүмкін. Егер бұл бастама қолдау тапса, ЕАЭО, ТМД және ШЫҰ арасындағы энергетикалық диалог министрлер, сарапшылар, реттеуші органдар, компаниялар мен қаржы институттарының басын қосатын тұрақты алаңға айналады. Мұндай тетіктің негізгі артықшылығы -оның саяси үйлестіру жұмыстарын, сараптамалық әлеуетті және жобалық өзара іс-қимылды бір арнаға тоғыстыра алуында. Бұл бірнеше мемлекеттің мүдделерін теңгерімдеуді, инвестиция тартуды және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауды талап ететін ірі инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру үшін маңызды.
ШЫҰ, ЕАЭО және ТМД ұйымдары арасында тұрақты жұмыс істейтін ортақ алаң құру ірі жобаларды бірге басқаруға, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге және шекарааралық инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндік қалыптастырады. Бүгінде энергия ресурстарына деген сұраныс артып, бұл салаға цифрлық технологиялар белсенді еніп жатыр. Сондықтан аймақтағы мемлекеттер мәселелерді бірлесіп шешуге және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға басты назар аударып отыр.



















