Иран билігі 2024 жылдың желтоқсанында «тыңшылық жасады және жау мемлекетпен қызметтес болды» деген айыппен ұстаған АҚШ азаматы Дена Карариді ресми түрде босатты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Дена Караридің Ираннан аман-есен шығып кеткенін АҚШ президенті Дональд Трамп пен қорғаушысы Джаред Генсер растады.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Дена Караридің босатылғаны туралы: «Иран билігі 2024 жылдың желтоқсан айында Джо Байденнің президенттігі кезінде заңсыз ұсталған Америка азаматына елден шығуға рұқсат берді. Қазір ол Ираннан тыс жерде, қауіпсіздікте және жағдайы жақсы. Америка Құрама Штаттары Иран тарапының бұл ізгі ниет ишарасын жоғары бағалайды» -деді.
Қорғаушы Джаред Генсердің айтуы бойынша, Дена Карариге 2024 жылы Иранға туыстарына келгеннен кейін елден шығуға тыйым салынған. Оның төлқұжаттары тәркіленіп, тергеуге алынғанымен бұл уақыт ішінде түрмеде тұрақты түрде отырмаған. Иран билігі Карариді «жау мемлекетпен қызметтес болды және тыңшылық жасады» деп айыптаған болатын. The New York Times газетінің хабарлауынша, босатылған Дена Караридің АҚШ және Иранның қос азаматтығы бар.

















