Иран үшін ең бастысы ұлттық мүддені қорғау және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы бүгін, дүйсенбі, 27 шілде күні Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи мәлімдеді.
Исмаил Бақайи: «Вашингтон Иранды тізе бүктіре алмай, жағдайды өздеріне қиындатып алды. Үш күнде Иранды тас-талқан етіп, тізе бүктіруді көздеген жоспарлы соғыс арада бес ай өткенде америкалықтардың өздерін тығырыққа тіреді», – деді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Вашингтонның әрекеттері үшін жауапқа тартылатынын да баса айтты.
Исмаил Бақайидың айтуы бойынша, Тегеран Америка Құрама Штаттарының алаңдаушылығына да, мұнайға қатысты мәселелеріне де мән бермейді. Өйткені Иран үшін ең бастысы – ұлттық мүддені қорғау және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, Бақайи журналистердің Иран мен Оман арасындағы Ормұз бұғазына қатысты келіссөздері туралы қойылған сұрағына да жауап беріп, бұл екіжақты диалог екенін және оның Америка Құрама Штаттарына еш қатысы жоқ екенін айтты.
Бақайи: «Бұл келіссөздер нәтижелі әрі сындарлы сипатта өтуде. Иран мен Оманның бұғаз жағалауындағы мемлекеттер ретіндегі мақсаты – екі елдің егемендік құқықтарын, қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерін сақтай отырып, Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын реттеу тетіктерін әзірлеу», – деді.


















