Ғазадағы қирандылар астынан екі отбасының 99 мүшесінің мәйіті табылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ғаза секторының оңтүстігіндегі Сабра ауданында іздестіру-құтқару топтары Израиль шабуылдарынан қираған ғимараттың үйіндісінен Әбу Шерия мен әл-Хасайине әулеттерінің 99 мүшесінің денесін шығарды.
WAFA агенттігінің мәліметінше, іздестіру-құтқару жасақтары Ғаза қаласының оңтүстігіндегі Сабра ауданында Израильдің әуе шабуылынан қираған тұрғын үйдің үйінділерін тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Аталған ғимарат 2023 жылғы қазаннан 2025 жылғы 7 маусымға дейін бірнеше мәрте жасалған әуе шабуылдар салдарынан қираған. Шабуылдар салдарынан ондаған адам қаза тауып, олардың көпшілігінің мәйіттері үйінді астында қалып қойған.
Құтқарушылардың мәліметінше, іздестіру жұмыстары техникалық мүмкіндіктердің шектеулілігі мен қираған нысандардың күрделі жағдайына байланысты баяу жүргізілуде. Олардың айтулары бойынша, Израиль шабуылдары салдарынан Ғаза секторындағы көптеген қираған ғимараттардың астында әлі күнге дейін мыңдаған адамның денесі жатыр.
Мамандардың бағалауынша, Израильдің әскери операциялары салдарынан Ғаза секторында 50–68 миллион тоннаға дейін құрылыс қалдығы жиналған. Осы үйінділердің астында шамамен 8 500 адамның мәйіті әлі шығарылмаған.
Өткен жылдың қазан айында күшіне енген атысты тоқтату туралы келісімнің алғашқы кезеңінде өңірге ауыр техниканы жеткізу көзделген болатын. Алайда Израиль шекаралық өткелдерді жабық ұстап, гуманитарлық көмек пен арнайы техниканың Ғазаға өтуіне рұқсат бермей келеді.
Азаматтық қорғаныс қызметі өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда өңірде жалғыз ауыр техника пайдаланылады. Олардың сөзінше, егер халықаралық қауымдастық қажет техникамен қолдау көрсетсе, бірнеше жылға созылуы ықтимал іздестіру-құтқару жұмыстарын шамамен үш ай ішінде аяқтауға мүмкіндік туады.



















