Иран Болгарияның АҚШ әскери күштеріне өз аумағындағы әскери базаларды пайдалануға рұқсат бергеніне байланысты қатаң ескерту жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл Иранның Софияға үшінші рет жасаған қатаң ескертуі болды.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи аталмыш мәселеге қатысты әлеуметтік желіде арнайы мәлімдеме жариялап: «Болгарияда шешім қабылдайтын тұлғалар өздерінің әскери базаларында Америка Құрама Штаттарының әуеде жанармай құюға арналған ұшақтарын орналастыру туралы қауіпті шешімі үшін жауап беруі тиіс», – деді.
Тегеранның мәлімдеуінше, Болгария бұған дейін де Америка Құрама Штаттарының Иранға қарсы әскери операцияларын қолдау мақсатында өз инфрақұрылымын пайдалануға мүмкіндік берген.
Иран билігі мұндай әрекеттерді аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіретін қадам деп атап, Болгарияны сыртқы державалардың әскери бастамаларына араласпауға шақырды.
Айта кетейік, мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Болгария премьер-министрі Румен Радевке көпшілік алдында алғыс білдірген еді. Ақ үй басшысы бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жариялап: «Сізге, рақмет премьер-министр Радев! Болгария Иранның қоқан-лоқысына қарамастан Америка Құрама Штаттарын қолдап, әскери әуе базаларын пайдалануға рұқсат берді», – деп жазды.
Осы аптаның басында Болгария Парламенті америкалық әскери ұшақтарды Безмер әскери әуе базасына орналастыруды ресми түрде мақұлдады. Алайда бұл шешім аймақтағы шиеленістің күшеюіне байланысты әскери базаның нысанаға айналуынан қауіптенген жергілікті тұрғындардың үлкен наразылығын тудырып отыр.


















