Иран Ормұз бұғазы арқылы АҚШ пен Израиль кемелерінің өтуіне тыйым салатын заң жобасын мақұлдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, «Ормұз бұғазының қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудің стратегиялық шаралары туралы» заң жобасын Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясы мақұлдады.
Құжатта АҚШ, Израиль және Иранға қарсы өзге де жау елдері кемелерінің Ормұз бұғазы арқылы өтуіне тыйым салу қарастырылған. Сонымен қатар бұғаз арқылы Тель-Авивпен қандай да бір байланысы бар кез келген жүкті тасымалдауға рұқсат етілмейді. Заң талаптарын бұзғандарға тасымалданатын жүк құнының 20 пайызына дейін айыппұл салу көзделген.
Кеме қатынасын реттеу, кемелердің қозғалысын бақылау, сондай-ақ Ормұз бұғазы мен Парсы шығанағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті Иран Үкіметіне жүктеледі. Бұл жұмыстар Қарулы күштермен бірлесіп атқарылады.
Вашингтон мен Тегеран маусым айының ортасында бейбітшілік келісімін жасау үдерісін бастауға тиіс меморандумға қол қойған болатын. Алайда үш аптадан кейін жағдай қайта ушықты. АҚШ Иранды Ормұз бұғазында сауда кемелерге оқ атты деп айыптағаннан кейін, тараптар бір-біріне зымыран соққыларын қайта бастады.
АҚШ президенті Дональд Трамп өткен жексенбі күні жоспарланып отырған келісімге байланысты Иран Ислам Республикасына қарсы кезекті шабуылдар толқынын тоқтататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұғаз жақын арада ашылады. Сонымен қатар Трамп бұғаз ашылмаған жағдайда Иранға қарсы соққыларды қайта бастайтынын тағы да ескертті. Ал Иран Ормұз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа жаңа талаптар қойды. Иран соғысты тоқтатуды, АҚШ-тың Ислам Республикасына және оның одақтастарына ешқашан қауіп төндірмеуін, Иран порттарының теңіз қоршауын алып тастап, қарулы күштерін бұл өңірден шығаруға тиіс екенін талап етті.
Сондай-ақ Вашингтон соғыс салдарынан Иранға келтірілген шығынды толық өтеуге, санкциялар мен бұғатталған активтерге қойылған шектеулерді алып тастауға міндетті. Иранның мәлімдемесіне АҚШ үкіметі әзірге жауап берген жоқ.

















