Иранға қарсы жуырдағы соғыс АҚШ пен Израильдің беделі мен жеңілмейтіндігі туралы аңыздың күл-талқанын шығарды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның бұрынғы Қорғаныс министрі, «Мостазафан» қорының басшысы Хоссейн Деһқан жуырдағы соғыс Вашингтон мен одақтастарының өз қауіпсіздігін де, басқа елдердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін көрсеткенін баса айтты. Деһқан бұл туралы Таяу Шығыстағы соңғы жағдайға қатысты Mehr агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Мостазафан» қоры басшысының айтуы бойынша, Вашингтон Ирак, Ауғанстан және Сомалидегі тәжірибесінен тиісті сабақ алмаған. Өйткені АҚШ әлемнің кез келген нүктесіне араласып, жағдайды өз мүддесіне сай өзгерте алатынына сенуді жалғастырып келеді. Деһқанның айтуынша, АҚШ Иранға қатысты да осындай сценарийді жүзеге асыра аламыз деп есептеген.
Оның сөзінше, Вашингтон мен Израиль Иран басшылығын жою елдің саяси құрылымының күйреуіне әкеліп, соның нәтижесінде жаңа басшылық орнатуға мүмкіндік береді деп ойлаған. Алайда соғыс пен Иран қоғамының оған реакциясы, сондай-ақ елдің Қарулы күштері мен басшылығының іс-әрекеті АҚШ пен Израильді халықаралық қауымдастық алдында ыңғайсыз жағдайға ұшыратты.
Деһқан: «АҚШ пен Израильдің беделі мен жеңілмейтіндігі туралы аңыз күл-талқан болды», — деді. Ол бұл қақтығыстың екі тараптың шынайы болмысын кез келген бұқаралық ақпарат құралы немесе үгіт-насихат науқанынан әлдеқайда тиімдірек әшкерелегенін айтты.
Хоссейн Деһқан Вашингтон мен Тель-Авивті өңірдегі тұрақтылыққа нұқсан келтіре отырып, өз мүдделерін ғана көздеді деп айыптады. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл екі ел өздерін қауіпсіздіктің кепілі ретінде көрсетудің орнына, керісінше, басқа елдерден көмек пен қолдау іздеуге мәжбүр болып отыр.
Иранның бұрынғы Қорғаныс министрі: «Қауіпсіздікті сатып алуға болмайды», — деді. Оның сөзінше, соңғы соғыс өзгелерді қорғай алатынын мәлімдеген елдердің өздерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін көрсетті. Деһқан жуырдағы оқиғаларды «үшінші революция» деп атап, Иранның кез келген қысымға, қауіп-қатерге және мәжбүрлеуге қарамастан ешқашан берілмейтінін баса айтты.
Оның айтуынша, Иран өзінің тәуелсіздігін, ұлттық қадір-қасиетін, сондай-ақ қағидаттары мен құндылықтарына адалдығын қорғап қалу үшін кез келген құрбандыққа баруға дайын. Хоссейн Деһқан бұл ұстанымды «нағыз қуат пен жеңістің шыңы» деп атады.

















