Иран Президенті Масуд Пезешкиан БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы жоғары деңгейдегі апталығына қатысу үшін жақын күндері Нью-Йорк қаласына баруды жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, сапар кестесіне соңғы сәтке дейін ешқандай өзгеріс енгізілмесе, бұл сапар 22-28 қыркүйек аралығында өтетін БҰҰ іс-шаралары аясында жүзеге асады.
Масуд Пезешкиан Бас Ассамблеяда сөз сөйлеп, халықаралық маңызды мәселелер бойынша Иранның көзқарасын жеткізбек. Иран Президенті сөзінде әсіресе АҚШ пен Израильдің әскери әрекеттеріне тоқталып, Тегеранның бұл қақтығыстағы көзқарасын жеткізеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Президент Пезешкиан сапар аясында бірқатар мемлекет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді. Иран Президентімен бірге бұл сапарда жоғары лауазымды делегация мүшелері еріп жүреді.
Масуд Пезешкианның бұл сапары аймақтағы шиеленіс ушыққан уақытқа тұспа-тұс келіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Тегеран АҚШ-пен келіссөздерді жандандыру үшін жеті шарт ұсынған еді.
Алайда Вашингтон тарапынан қысым күшейе түсуде. АҚШ тамыз айының соңында Иранға қарсы «Экономикалық оқшаулау» операциясын бастады. Бұл стратегия Тегеранның негізгі кіріс көздерін шектеуді мақсат етеді. Вашингтон Иран мұнайын сатып алатын, тасымалдайтын және Тегеранмен ынтымақтастықты жалғастыратын үшінші елдердің компаниялары мен ұйымдарына қосымша санкциялар салынатынын қатаң ескертті.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясындағы жоғары деңгейдегі апталық Нью-Йоркте 22–28 қыркүйек аралығында өтеді. Биылғы сессияның басты тақырыбы – сенімді қалпына келтіру, өзгерістерді басқару және БҰҰ қызметін баршаға тиімді ету.
Жиында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл және қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтары, жасанды интеллект секілді жаңа технологияларды реттеу, сондай-ақ БҰҰ-ны реформалау мәселелері талқыланады деп жоспарланған.

















