Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Эд Милибэнд Палестина халқының басынан өтіп жатқан қасіретті «әлемнің ар-ұятына түскен дақ» деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Эд Милибэнд Ғазадағы жағдайға байланысты әскери қылмыс жасалғаны туралы дәлелдер бар екенін айтып, Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы палестиналықтарға қатысты этникалық тазалауға бағытталған әрекеттерді айыптады.
Милибэнд бұл мәлімдемені 28 қыркүйекте Ливерпульде өткен Лейбористік партияның жыл сайынғы конференциясында жасады. Оның айтуынша, Палестина халқының басынан өтіп жатқан жағдай «әлемнің ар-ұятына түскен дақ».
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуын тоқтату және азаматтық халықты қорғау қажеттігін атап айтты.
Милибэнд сондай-ақ Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы елді мекендердегі қоныстанушылардың әрекеттерін «этникалық тазалау» деп атап, Ғазада әскери қылмыстар жасалғанын көрсететін дәлелдер бар екенін мәлімдеді.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі: «Біз Батыс жағалаудағы қоныстанушы лаңкестердің этникалық тазалау әрекеттерін айыптаймыз. Ғазада әскери қылмыстар жасалғанын көрсететін дәлелдерді назарға аламыз. Палестинаны заңсыз басып алуға қарсымыз және сөзімізді нақты әрекетпен көрсетеміз», — деді.
Милибэнд Ұлыбританияның екі мемлекет құру қағидатына негізделген шешімді қолдайтынын да растады. Оның сөзінше, бұл бағытқа нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
Милибэндтің мәлімдемесі Ұлыбритания үкіметінің Израильдің Батыс жағалауындағы саясатына қатысты ұстанымын күшейткенін көрсетеді.
Бұған дейін Лондон басып алынған Батыс жағалаудағы заңсыз израильдік елді мекендерден өндірілген тауарлардың импортына тыйым салатынын жариялаған болатын.













