Тегеран Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың БҰҰ Бас Ассамблеясы мінберінен айтқан мәлімдемелеріне ризашылық білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Елші Джалали тиісті сұраққа жауап бере отырып: «Сергей Лавровтың сөзі керемет болды. Иранға қатысты берік ұстанымы үшін, сондай-ақ Ислам революциясының шәһид Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің өлтірілуін айыптағаны үшін алғыс айтамыз. Біз өте ризамыз», -деді.
Өткен аптада БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясындағы жалпы саяси пікірталаста сөз сөйлеген Сергей Лавров Ресейдің ұстанымын білдіріп, Мәскеудің Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи мен оның отбасы мүшелерінің, сондай-ақ Ислам Республикасының әскери және саяси басшыларының өлтірілуін күшпен қысым көрсетудің мүлдем жол берілмейтін көрінісі деп санайтынын баса айтты.
Лавров сондай-ақ: «Өткен жылдың маусым айында басталған АҚШ-Израиль басқыншылығының нысанасына Иранның азаматтық инфрақұрылымымен қатар, Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік кепілдігінің қорғауында болған бейбіт ядролық нысандарының да айналуы ерекше алаңдаушылық туғызады», -деп баса айтты. Ресей Сыртқы істер министрінің айтуынша, бұл жағдай Агенттіктің беделіне және ядролық қаруды таратпау жүйесіне зиян келтірген.
Бұған жауап ретінде Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали Ресейдің Тегеранға қатысты ұстанымын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.


















