Йемендегі хуситтер Саада провинциясының әуе кеңістігінде Сауд Арабиясына тиесілі Typhoon жойғыш ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, 14 қазан күні хуситтердің әскери қанатының өкілі Яхья Сари Сауд Арабиясының ұшағына зениттік зымыран тигенін айтты.
Сари: «Біздің күштеріміз Саада провинциясының әуе кеңістігінде Сауд Арабиясының Typhoon жойғыш ұшағына зениттік зымыранмен сәтті соққы берді», — деді.
Оның сөзінше, жойғыш ұшақ Корольдіктің батысындағы Эт-Таиф қаласында орналасқан әуе базасынан көтерілген. Көп ұзамай оған «жер — әуе» класындағы зымыран тікелей тиген.
Әзірге Сауд Арабиясы бұл ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Бұған дейін, 10 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Йемендегі «Ансаролла» қозғалысына қарсы Сауд Арабиясы жүргізіп жатқан операцияларға қосылуы мүмкін екенін жоққа шығармаған еді.




















