АҚШ-ның Сауд Арабиясына логистикалық қолдау көрсетіп отырғанымен, Йемендегі хуситтерге қарсы құрлықтағы әскери операция жүргізуі тиімсіз болмақ.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, АҚШ-тың Анкарадағы елшісі, Вашингтонның Сирия мен Ирак жөніндегі арнайы өкілі Том Баррак бұл пікірін Қатар астанасы Дохада өткен жаһандық қауіпсіздік форумында мәлімдеді.
Баррак Таяу Шығыста АҚШ бұған дейін жүргізген әскери интервенциялардың нәтижесіне күмән келтірді.
Баррактың айтуынша, аймақтағы мемлекеттер өз мәселелерін шешу үшін тек Вашингтонға сеніп қоймай, өңірлік одақтар құруға басымдық беруі керек.
Баррак АҚШ-ның Таяу Шығыстағы рөлін қайта қарастырып жатқанын атап айтты. Оның айтуынша, Вашингтон аймақтағы мемлекеттердің қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуіне қолдау көрсету үшін тікелей бақылау мен араласу саясатынан біртіндеп бас тартып келеді.
Йемендегі жағдайға тоқталған Баррак хуситтерге қарсы әскери араласудың тиімділігіне күмән келтіріп: «АҚШ-ның Йемендегі құрлықтағы операциясы тиімсіз болып көрінеді», — деді.
Дипломаттың пікірінше, мұндай операцияның орнына Сауд Арабиясы, хуситтер және аймақтық делдалдардың қатысуымен келіссөздер жүргізу әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Сондай-ақ ол саяси дағдарыстарды реттеуде дипломатиялық бастамалар мен диалогтың маңызы зор екенін баса айтты.
Сонымен қатар,Том Баррак АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіске қарамастан, ВашингтонныңТегеранмен бейбіт келісімге қол жеткізуге мүдделі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен келіссөздер жүргізуге дайын.
Том Баррак Иранның болашағы сырттан күштеп таңылған режимнің ауысуы арқылы емес, осы ел халқының өз еркімен айқындалуы тиіс екенін атап айтты. Сонымен қатар дипломат АҚШ-тың бұрын басқа елдердегі саяси режимдерді өзгертуге бағытталған әрекеттерінқатаң сынға алды.
Баррактың айтуы бойынша, Америка Құрама Штаттары Таяу Шығыс аймағында билік режимдерін ауыстыруға бағытталған 23 түрлі әрекетке қатысқан.
«Біз басқа елдің ісіне араласып, көшбасшысын немесе режимін ауыстыруға тырыссақ, мұның бәрі қателік болғаны кейін анықталды», — деді.
Баррак «АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы қате болды ма?» деген сұраққа: «Мұның қате болған-болмағанын білмеймін», — деп жауап берді.
Оның айтуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы Таяу Шығыста ғана емес, одан тыс жерлерде де күтпеген салдарға әкелді.

















