Иран Сыртқы істер министлігінің ресми өкілі Иранға қарсы басқыншылық соғысты бұрмаламауға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи бірқатар елдің, соның ішінде Қатар мен Франция өкілдерінің бірлескен мәлімдемесінде «Иран қақтығысы» деген тіркестің қолданылуына қатысты пікір білдіріп, Иранға қарсы басқыншылық соғысты осылай атау шындықты бұрмалау екенін мәлімдеді.
Бақайи бұл туралы X әлеуметтік желісінде жазып: «Ақиқатты жаңсақ түсінік қалыптастыратын сөздердің тасасына жасыруға тырыспаңыздар. Ешқандай «Иран қақтығысы» жоқ. Көз алдымыздағы шындық — АҚШ пен Израиль бастаған Иранға қарсы басқыншылық соғыс», — деді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі «басқыншылықты» өз атымен атамау бейтараптық емес, моральдық жауапкершіліктен жалтарудың бір түрі екенін атап айтты. Оның айтуынша, егер басқыншылықты өз атымен атап, агрессорды көрсетуге батылдық жетпесе, әділетсіздікке қарсы тұру немесе бейбітшілік орнату туралы айтудың өзі қисынсыз.
Бақайи: «Басқыншыларға қолдау көрсету, олардың әрекеттерін заңды деп тану, жәбірленушіні айыптау арқылы бейбітшілік орнату мүмкін емес.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери басқыншылығы «Иран қақтығысы» деп аталғанда, басқыншылар назардан тыс қалады да, жауапкершілік жанама түрде басқыншылыққа ұшыраған тарапқа жүктеледі. Мұндай атау — бейтараптық емес, бейтарап көзқарас кейпіне жасырынған шындықты қасақана бұрмалау», — деп жазды.

















