Түркия астанасы Анкарада 29–30 қазанда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XIII саммиті өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады.
Ауқымды жиын «Түркі дәуірі: тілде, ойда және істе бірлік» ұранымен ұйымдастырылады. Саммитке ТМҰ-на мүше бес елдің – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркияның мемлекет басшылары қатысады.
Сонымен қатар бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан, Түрікменстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасының өкілдері, сондай-ақ ұйым хатшылығының басшылығы шақырылған.
Саммиттің негізгі мақсаты – саяси, экономикалық және көлік-логистикалық ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын айқындау, өңірлік байланысты нығайту және ұйымның халықаралық аренадағы рөлін арттыру. Қатысушылар өзара сауданы ұлғайтуға, инвестиция тартуға, көлік дәліздерін дамытуға және энергетика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді. Бұл ретте Орталық Азияны Каспий теңізі, Әзербайжан және Түркия арқылы Еуропа нарықтарымен жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше мән берілмек.
Келіссөздер барысында цифрландыру, өнеркәсіптік кооперация, білім беру, мәдениет және өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіру жайы да сөз болады. Ал Орталық Азия мемлекеттері, оның ішінде Қырғызстан үшін логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен тауар айналымын арттыру басты міндеттердің қатарында қалып отыр.
Айта кетейік, 29 қазанда ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді. Министрлер бірлескен жұмыстарды саралап, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.
Ал мемлекет басшыларының негізгі отырысы 30 қазанда Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өтеді. Жиында көшбасшылар ұйымды институционалдық тұрғыдан одан әрі дамыту, жаңа Бас хатшыны тағайындау және 2027–2031 жылдарға арналған стратегиялық бастамаларды іске асыру мәселелерін қарастырады. Саммиттің маңызды саяси оқиғаларының бірі – ТМҰ-дағы төрағалықтың Әзербайжаннан Түркияға өтуі болмақ.
Саммит қорытындысы бойынша тараптардың негізгі уағдаластықтары мен басым бағыттарын айқындайтын Анкара декларациясы қабылданады.


















