Йемендегі «Ансаролла» қозғалысы ел үкіметі армиясының 600 әскери тұтқынын біржақты тәртіппен босатты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, «Ансаролла» қозғалысы БҰҰ-ның делдалдығымен бұған дейін қол жеткізілген 1,6 мыңнан астам тұтқынды алмасу туралы келісімді орындауға дайын екенін растады. Бұл туралы қозғалыстың Тұтқындар ісі жөніндегі комитетінің басшысы Әбдел Қадер әл-Муртада мәлімдеді.
Әл-Муртада хуситтердің бақылауындағы «Al Masirah» телеарнасы тікелей эфирде көрсеткен Сана қаласындағы баспасөз конференциясында: «Біз қарсы тараптың 600 тұтқынын босаттық. Бұл – текетірес тарихындағы тұтқындарды кешіру мен босату бойынша ең ауқымды біржақты операция», – деді.
Ресми өкілдің айтуынша, осыған дейін қозғалыс сегіз біржақты бастама аясында 2 612 тұтқынды босатқан.
Әл-Муртада хуситтердің биыл мамыр айында Йеменнің халықаралық деңгейде танылған үкіметімен БҰҰ аясында қол жеткізілген тұтқындарды алмасу туралы уағдаластықты жүзеге асыруға әзір екенін тағы да растап: «Біз жағдайдың ушығуына қарамастан келісімді орындауға қарсы емеспіз. Тұтқындар мәселесі – бөлек гуманитарлық бағыт», – деді.
Мамыр айының ортасында БҰҰ Иордания астанасында өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Йемен үкіметі мен «Ансаролла» қозғалысының 1,6 мыңнан астам тұтқынды алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін мәлімдеген еді.
Хуситтердің жаңа гуманитарлық бастамасы Йемендегі қарулы қақтығыстың ушыққан тұсына тұспа-тұс келіп отыр. 2022 жылдың соңынан бері күшінде болған шиеленісті бәсеңдету режимі тоқтатылғаннан кейін, биылғы шілдеден бастап Сауд Арабиясы бастаған коалицияның қолдауына сүйенген үкіметтік күштер мен «Ансаролла» жасақтары қарқынды соғыс қимылдарын жүргізіп жатыр.



















