Жақында Калифорния штатының Пасадена қаласында бар жұмысты роботтар атқаратын «CaliExpress» мейрамханасы ашылады.
New Atlas басылымының хабарлауынша, мейрамхананың барлық қызметкері роботтардан тұрады. Мейрамхана толығымен автоматтандырылған және жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Мейрамхана қонақтары интерактивті экран арқылы тапсырыс беріп, робот аспазшының тапсырыстарды қалай дайындайтынын көріп, бақылай алады.
Miso Robotics компаниясының қызметкері Джон Миллердің айтуы бойынша, бұл бар жұмысты тек роботтар атқаратын әлемдегі алғашқы мейрамхана.
Соңғы кездері роботтар кез келген салада адамдарға бәсекелес бола бастады. Бұл түптеп келгенде келешекте көп жұмыс құлтемірге тапсырылады деген сөз. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, 2025 жылға қарай жасанды интеллект әлем бойынша 85 миллион адамды ауыстырады.


















