Иран асханасының ең танымал тағамдарының бірі «абгушт» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мамандар «абгушттың» тарихи және әлеуметтік маңыздылығын атап, оны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне ресми тіркеу қажеттігін айтуда.
Бұл тағам Қажарлар дәуірінің соңында кең таралып, уақыт өте келе қарапайым халық тағамынан қонақжайлылық пен әлеуметтік дәстүрдің символына айналды.
Қой еті, бұршақ, картоп және қызанақтан әзірленетін «абгушт» ғасырлар бойы халықтың сүйікті асы болып келеді. Қазіргі уақытта «абгушт» тек үй асханасында ғана емес, мейрамханалар мен шайханалардың мәзірінен де орын алған. Бұл тағам ирандық гастрономиялық туризмнің бір бөлшегіне айналып, елдің бай аспаздық мәдениетін жергілікті және шетелдік қонақтарға таныстырып келеді.
Алайда «абгушт» әлі күнге дейін Иранның материалдық емес мәдени мұраларының ұлттық тізімінде ресми түрде тіркелмеген.
Мәдениет саласының өкілдері «абгуштты» Иран халқының тарихи және рухани мұрасының көрнекті үлгісі ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну жөнінде бастама көтеріп отыр.


















