Баку мен Тегеран спорт саласындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, жастар арасындағы байланысты дамыту жөнінде келісімге келді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Әзербайжанның Жастар және спорт министрі Фарид Гаибовтың Бакудегі Иран Ислам Республикасының елшісі Моджтаба Демирчилумен кездесуінде айтылды.
Тараптар келіссөз барысында екі елдің жастары мен спорт саласындағы ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады. Баку мен Тегеран өкілдері спорт саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын, сондай-ақ осы саладағы болашақ перспективаларды қарастырды.
Фарид Гаибов пен Моджтаба Демирчилу жастарды қоғамдық өмірге тартудың маңыздылығын айтып, спорт саласындағы байланыстың мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін маңызды екенін қуаттады.
Сонымен қатар, тараптар екі ел министрлерінің өзара сапарларын ұйымдастыруға және екі жылға арналған серіктестік бағдарламасын әзірлеуге уағдаласты.



















